17:37, 26 Қараша 2018 | GMT +5
Ыстанбұлда әскери тікұшақ үйдің төбесіне құлап, 4 адам қаза тапты
ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Ыстанбұл қаласының Санджактепе ауданында әскери тікұшақ апатқа ұшырап, салдарынан төрт адам қаза болып, бір әскери азамат жарақат алды, деп хабарлайды Анадолы агенттігіне сілтеме жасаған «ҚазАқпарат» ХАА.
Тікұшақтың Топчулар үй орамындағы Фыртына көшесінде орналасқан төртқабатты үйдің шатырына құлағаны хабарланып отыр.
Оқиға орнына полиция қызметі, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем көліктері келіп жетті.
Зардап шеккен әскери азамат ауруханаға жеткізілді.
Санджактепе ауданына Түркия елінің Ұлттық қорғанысы министрі Хулуси Акар келді.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған апаттан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, жарақаттанған әскери азаматтың тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.