Ыстық көл жағалауында Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдығына арналған конференция өтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ыстық көл жағалауында Қырғыз Республикасының президенті аппараты жанындағы «Мурас» қорының ұйымдастыруымен «Қырғыз және Қарахан қағанаттары: Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» ─ Х-ХІ ғғ. Орталық Азиядағы мұсылман ренессансының айнасы» атты V халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.
Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевтың қолдауымен ұйымдастырылған бұл халықаралық жиын түркі жұртының ойшыл данышпаны Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдық мерейтойына арналып отыр, деп жазады «Егемен Қазақстан».
3 күнге созылатын жиында бірнеше мемлекеттен жиналған көрнекті ғалымдар мен түркітанушылар 4 ғылыми секция бойынша баяндамалар оқып, келелі пікірлерін ортаға салады.
Айта кету керек, TWESCO да Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдық мерейтойына тарту ретінде ұлы ойшылдың «Құтадғу білік» дастанын жариялап, бірқатар халықаралық іс-шаралар өткізді. Осылайша Академия түркі дүниесіне ортақ тарихи тұлғалардың рухани мұраларын түгендеп, мерейтойларын атап өтуді жақсы дәстүрге айналдырып келеді.