Ыстықкөлде «Көк бөрі – 2023» әлем кубогі өтіп жатыр

ШОЛПАН-АТА. ҚазАқпарат – Шолпан атада, Ыстықкөл жағасында 13-нен 20 тамызға дейін алғашқы клубаралық «Көк бөрі – 2023» әлем кубогі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Ыстықкөлде «Көк бөрі – 2023» әлем кубогі өтіп жатыр
Фото: Пресс-служба президента КР

Ыстықкөл облысы Ыстықкөл ауданы Бактуу-Долоноту ауылындағы ипподромда өтіп жатқан халықаралық турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Мажарстан, Түркия, Моңғолия, АҚШ, Ресей елінің құрама командалары қатысып жатыр. Қазақстан намысын «Астана», «Қарағанды», «Жетісу», «Шымкент», «Түркістан», сонымен қатар ҚР спорт ардагерлері клубтары қорғайды.


Спорт шарасы үш форматта өтеді. Оған сегіз елдің 12 клубы қатысады. Біріншісінде Қазақстанның жоғарғы лигасының командалары – «Қарағанды», «Жетісу», «Шымкент» және «Түркістан», Қырғызстаннан - «Сары-Узень», «Достук», «Ынтымак», «Мурас» командалары бақ сынайды.

Жарыстың екінші форматы әлемнің түрлі елінен келген 12 клуб арасында өтеді. Үшінші форматта Қазақстанның 45 жастан асқан спорт ардагерлері мен Қырғызстанның «Көк бөрілері» арасында жолдастық матч өтеді.


Іс-шара ұйымдастырушыларының мәліметі бойынша, бес күнгі матч нәтижелері мынадай:

Бірінші күн:

- «Алтай» (Ресей) – «Екатеринбург» (Ресей) - 5:0;

- «Жаштык» (Қырғызстан) – «Альянс-Алтын» (Қырғызстан) – 3:2;

- «Ынтымақ» (Қырғызстан) – «Сары-Өзен» (Қырғызстан) – 5:1.

Екінші күн:

- «Қарағанды» (Қазақстан) – «Екатеринбург» (Ресей) - 2:0;

- «Альянс-Алтын» (Қырғызстан) – «Ийгилик» (Қырғызстан) – 5:4;

- «Достук» (Қырғызстан) – «Мурас» (Қырғызстан) - 7:4;

- «Красноярск» (Ресей) – «Москва» (Ресей) - 6:2;

- «Узбекистан» (Өзбекстан) – «Алтай» (Ресей) - 8:1.

Үшінші күн:

- «Алтай» (Ресей) – «Қарағанды» (Қазақстан) – 3-1;

- «Жаштык» (Қырғызстан) – «Ийгилик» (Қырғызстан) – 2:1; - «Астана» (Қазақстан) – «Жетісу» (Қазақстан) – 8:0;

- «Новосибирск» (Ресей) – «Москва» (Ресей) – 7:4;

- «США» (АҚШ) – «Алтай 2» (Ресей) – 10:8.

Төртінші күн:

- «Узбекистан» (Өзбекстан) - «США» (АҚШ) - 7:1.

Бесінші күн:

- «Жаштык» (Қырғызстан) – «Алтай» (Ресей) – 10:4;

- «Красноярск» (Ресей) – «Узбекистан» (Өзбекстан) – 4:1.

Көк бөрі (көкпар) – қазақ, қырғыз, алтай, башқұрт, өзбек және басқа да Азия халықтары арасында танымал ат спорты ойыны. Ойыншылар ат үстінде серкеге таласады. Оны қарсыластарына алдырып қоймай, қарсы команданың тайқазанына тастауы керек. Биыл жарысқа жаңа ереже енгізіліп, ойындағы төреші саны беске дейін көбейді.

Бір таймның ұзақтығы 15 минутқа қысқарды (бұрын 20 минут болатын). Серке тайқазанға түскеннен кейін ойыншы ат үстінде алаңда болуы керек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай турнирлер Шолпан атада әр екі жыл сайын өткізіліп тұрады. Жабылу салтанаты мен жеңімпаздарға сыйлық табыстау ертең, 20 тамызда өтеді.