Ыстықкөлде «Мейкин Азия» танымал музыка орындаушыларының III Халықаралық фестивалі басталды
ШОЛПАН АТА. ҚазАқпарат – Ыстықкөл жағасында, Шолпан ата қаласындағы «Рух-Ордо» мәдени орталығында «Мейкин Азия» танымал музыка орындаушыларының ІІІ Халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
Үш күнге созылатын дарындылар байқауына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Мажарстан, Түркия, Солтүстік Кипр, Босния және Герцеговина, Ресей, Болгария, Солтүстік Македония, Словения мен Сербиядан келген 18-35 жас аралығындағы 17 жас орындаушы қатысып жатыр.
Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов фестиваль өзінің ерекшелігінің арқасында жоғары беделге ие болғанын және тұрғындар арасындағы достықты нығайтуға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар ол 2013 жылы өткен алғашқы «Мейкин Азия» фестивалінде әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жеңіске жеткенін атап өтті. Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген музыкалық байқау қатысушыларына видеоүндеу жасап, жас конкурсанттар мен қырғыз халқына сәлем жолдады.

«Он жыл бұрын осы конкурсқа қатысқанда үлкен тәжірибе жинадым. Бауырлас Қырғыз халқына сәттілік пен бар жақсылықты тілеймін», - деді әнші.
Ресми ашылу салтанатынан кейін музыкалық байқаудың бірінші бөлімі басталды. Онда қатысушылар өз тілінде ән орындады. Екінші күні олар таңдауы бойынша әлемдік хит орындауы тиіс.
Музыкалық байқау танымал отандық және шетелдік әншілердің қатысуымен өтетін гала-концертпен аяқталады.

