Юлия Галышева: Жарысты дайындалған деңгейімде өткізе алмадым

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Фристайл-могулдан Олимпиада ойындарының қатысушысы Юлия Галышева өзінің спорттық мансабы туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Юлия Галышева: Жарысты дайындалған деңгейімде өткізе алмадым

Бұған дейін спортшы Instagram желісінде жанкүйерлеріне спорттық мансабы жолында бірге болғаны үшін алғыс айтқан болатын.

«Бұл менің өмірімнің ең үлкен бөлшегі болды. Мен мансабымды аяқтаймын деп айтпадым. Жанкүйерлеріме және дәл осы күнге дейін осы жолдан бірге өткен барлық адамға алғысымды білдірдім», - деп түсіндірді Юлия Галышева.

Спортшы ойыннан кейінгі әсерлері жөнінде айтып берді.

«Сол кездегі эмоцияларым, не үшін ренжулі болғаным түсінікті ғой. Өзім дайындалған деңгейде сырғанауды соңына дейін жеткізе алмадым. Бір нәрсе кедергі болды деп те айта алмаймын. Мұнда ешкімнің кінәсі жоқ. Тек өзім кінәлімін», - деді фристайлшы.

Айта кетейік, Юлия Галышева ел қоржынына медаль әкеледі деп үміт етілген болатын. Өкінішке қарай отандасымыз 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Олимпиададағы жетістігін қайталай алған жоқ. Ол онда бір қола медаль жеңіп алған еді.

Фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Елена Круглыхина жанкүйерлерден кешірім сұрады.