Юлия Путинцева Әбу-Даби турнирінің ширек финалына шыға алмады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 45-ракеткасы Юлия Путинцева Әбу-Даби WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық тенисші екінші айналымда әлемнің 14-інші, осы жарыстың 6-ракеткасы, бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен шеберлік таластырды.

Бұл олардың алғашқы кездесуі еді. Бразилиялық спортшы өткен жылы жұптық сында қазақстандық Анна Данилинамен бірге сәтті өнер көрсетіп, қорытынды жарысқа дейін қатысқан болатын.

Бірінші партияда Хаддад Майя бірден брейкпен алға кетті – 2:1. Юлия сол бойда таразы басын теңестірді – 2:2. Тағы бір брейк – 4:2. Алайда бұдан кейін қарсыласы қатарынан төрт геймді алды – 6:4.

Екінші сетте есеп 5:4 болған мезетте бразилиялық спортшы матчқа доп бергенімен, үш матчболын пайдалана алмады. Тай-брейкте Ю.Путинцева сәтті ойнады – 7:6 (7:5).

Үшінші, шешуші партияда Хаддад Майя брейкпен алға шықты – 2:0. Юлия да беріспеді – 3:3. Есеп 4:4 болғанда, тағы бір брейк жасады – 5:4.

Бірақ матчқа доп бергенде, бразилиялық теннисші қарымта қайырды – 5:5. Ақыры тай-брейкте оның жолы болды – 7:6 (7:4).

Үш сағат 15 минутқа созылған аса тартысты бәсеке барысында Ю.Путинцева 1 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың жетеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 1 эйс, 8 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.

Бразилиялық теннисші жартылай финалға шығу үшін тағы бір қазақстандық, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакинамен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің әлемдік рейтингте позициясын жақсартқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Әбу-Даби турнирінің ширек финалына шықты.


Соңғы жаңалықтар