Юлия Путинцева алғаш рет Зарина Диясты жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева Австралияның Сидней қаласында өткен квалификациялық жарыстың іріктеу кезеңінің финалында отандасы Зарина Диясты жеңді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

Жексенбі таңы теннисшінің екеуі үшін де оңай болған жоқ. Әуелі Зарина Дияс чехиялық Барбора Стрыцованы 7:5, 1:6, 6:4 есебімен ұтқан. Одан кейін Юлия Путинцева жергілікті жас теннисші Дестини Айаваны (6:0, 6:2) жеңді.

Қазақстандық спортшылардың кездесуі жаңбыр кесірінен үзіліп отырды, алайда ауа райының қолайсыздығы матчты бүгін аяқтауға кедергі болған жоқ. Ойын қорытындысы бойынша, Юлия Путинцева қарсыласын 6:2, 6:2 есебімен ұтты.

Бұл Юлияның сәтсіз өткен екі матчтан кейін Заринаны бірінші рет жеңуі екенін атап өту керек. Бұған дейін 2017 жылы Токиода және былтыр Нью-Хэйвенде өткен ойындарда Дияс Путинцеваны жеңген болатын.

Енді Юлия Путинцева Сиднейде жүлде қоры 823 мың АҚШ долларын құрайтын турнирдің негізгі сеткасына өтті. Негізгі сетканың матчтары бүгіннен басталады.

Соңғы жаңалықтар