Юлия Путинцева Аустралиядағы жарыстың жартылай финалына шыға алмады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева Хобарт (Аустралия) WTA 250 турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 72-ракеткасы, ресейлік Анна Блинковамен шеберлік байқасты.
А.Блинкова бірінші партияда 6:3 есебімен басым түсті. Екіншісінде де ол бірден брейк жасап, алға кетті. Ю.Путинцева таразы басын теңестіргенімен, есеп 4:4 болған мезетте ресейлік теннисші тағы бір брейк жасап, матчты аяқтай білді – 6:4.
Бір сағат 45 минутқа созылған бәсеке барысында Путинцева 2 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың екеуін ғана пайдалана алды. Блинкова 4 эйс, 4 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Юлия Путинцева енді 16 қаңтарда басталатын Аустралия ашық чемпионатында бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жұптық сында Аделаида турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілердің Аустралия ашық чемпионатындағы қарсыластары анықталды.
Фото: Қазақстан теннис федерациясы