Юлия Путинцева Мадрид мастерс турнирін сәтті бастады

None
Фото: ktf.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева Мадрид WTA 1000 турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте өзінен төрт саты төмен тұрған америкалық Клэр Льюмен өткізді.

Бірінші партияда америкалық теннисші 2:0 есебімен алға кеткенімен, Ю.Путинцева таразы басын теңестірді – 2:2. Содан кейін өзі алға шыққанымен, Лью қарап қалмады. Есеп 4:4 болған мезетте Юлия брейк жасап, сосын сетболын пайдалана алды – 6:4.

Екінші сетте қазақстандық спортшы брейкпен алға кетті – 4:2. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.

Бір сағат 45 минутқа созылған бәсеке барысында Юлия 1 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 2 эйс, 3 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

Ю.Путинцева жүлде қоры 7,7 млн еуродан асатын Мадрид мастерс жарысының үшінші айналымына шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, франциялық Каролин Гарсиямен таласады.

Аталмыш дода 6 мамырда мәресіне жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Мадрид мастерс турнирінде бақ сынайтынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисші Мадрид турнирінің іріктеу сайысында жеңіліп қалған еді.

Елена Рыбакина әлемнің алтыншы ракеткасы атанды.

Соңғы жаңалықтар