Юлия Путинцева Рим турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық, әлемнің 40-ракеткасы Юлия Путинцева Рим WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда жарысқа өзі сияқты іріктеу сайыстарынан кейін қосылған словениялық Кая Юванмен шеберлік байқасты.

Бұған дейін қарсыластар өзара бір-ақ рет кездесіп, өткен жылы Юлия жеңген еді.

Бұл жолы Путинцева бірінші партияда 7:5 есебімен басым түссе, екіншісінде қарсыласы есе қайырды - 6:4.

Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші 4:2 есебімен алға кеткенімен, қарсыласы да қалыспады - 4:4. Дегенмен тағы бір брейкке қол жеткізген Путинцева матчты жеңіспен түйіндеді - 7:5.

Аса тартысты өткен матч үш сағаттан астам уақытқа созылды.

Ю.Путинцева үшінші айналымға шығу үшін кезінде әлемдік рейтингте көш бастаған, қазір 10-орында тұрған испаниялық Гарбинье Мугурусамен таласады.

Қазақстанның ерлер арасындағы бірінші, әлемнің 41-ракеткасы Александр Бублик соңғы кезде сәтсіз өнер көрсетуде. Бұл жолы ол Рим мастерс жарысының алғашқы айналымында әлемнің 59-ракеткасы, америкалық Маркос Хиронға есе жіберді - 6:3, 4:6, 3:6. Мұнда Бублик 11 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді. Қарсыласы бір брейк артық жасап кетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Ролан Гаррос әлемдік рейтингіде 17-орынға көтерілгенін, қазақстандық теннисшілердің Рим турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар