Юлия Путинцева Римде әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасын ұтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 40-ракеткасы Юлия Путинцева Рим WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің бұрынғы бірінші, қазіргі 10-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің екі мәрте жеңімпазы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен шеберлік байқасты.

Бұған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, испаниялық теннисші басым түскен болатын.

Бұл жолы бірінші партияда Г.Мугуруса басымдық танытты – 6:3.

Екінші сетте испаниялық спортшы матчқа доп бергенде, Ю.Путинцева қайрат таныта алды – 5:5. Сосын тай-брейкте таразы басын аудара білді – 7:6 (7:4).

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші қарқынын тіпті үдетті – 6:1.

Екі сағат 17 минутқа созылған матч барысында Ю.Путинцева 10 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Ю.Путинцева жүлде қоры 2,5 млн еуродан асатын жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 7-ракеткасы, Тунис өкілі Онс Жабермен таласады.

Өткен аптада дәл осындай Мадрид додасының жеңімпазы атанған О.Жабер Римде екінші айналымда аустралиялық Айла Томляновичті 7:5, 6:2 есебімен ұтты.

Елена Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы швейцариялық Хиль Белен Тайхманмен кортқа шығады. Мадрид жарысында Е.Рыбакина осы теннисшіден жеңіліп қалған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Рим жарысының үшінші айналымына өткенін, екі қазақстандық теннисшінің Шымкент турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар