Юлия Путинцева Таиландтағы WTA жарысында жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 44-ракеткасы Юлия Путинцева Хуахин (Таиланд) WTA турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Юлия Путинцева Таиландтағы WTA жарысында жеңіліп қалды

Осы жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 160-орында тұрған ұлыбританиялық Хитер Уотсонмен кездесті.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші 7:5 есебімен басым түсті. Екіншісінде ұлыбританиялық спортшы есе қайырды – 6:4.

Үшінші, шешуші сетте Х.Уотсон есеп 5:3 болған мезетте матчқа доп бергенімен, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Бірақ тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:5).

Үш сағатқа созылған тартысты бәсеке барысында Ю.Путинцева 1 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 7 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.

Жүлде қоры 259 мыңнан астам АҚШ долларына бағаланған дода 5 ақпанда мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның эйс жасаудан рекорд орнатқанын жазған болатынбыз.

Фото: ktf.kz