Юлия Путинцева Таиландтағы WTA жарысында жеңіліп қалды
Осы жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 160-орында тұрған ұлыбританиялық Хитер Уотсонмен кездесті.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 7:5 есебімен басым түсті. Екіншісінде ұлыбританиялық спортшы есе қайырды – 6:4.
Үшінші, шешуші сетте Х.Уотсон есеп 5:3 болған мезетте матчқа доп бергенімен, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Бірақ тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:5).
Үш сағатқа созылған тартысты бәсеке барысында Ю.Путинцева 1 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 7 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.
Жүлде қоры 259 мыңнан астам АҚШ долларына бағаланған дода 5 ақпанда мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның эйс жасаудан рекорд орнатқанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz