Юлия Путинцева Уимблдон турнирінде әлемнің 2-ракеткасымен ойнайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисшілердің Уимблдон турниріндегі қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстаннның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцеваға ең мықты қарсыластың бірі тап болды. Ю.Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 2-ракеткасы, жапониялық Наоми Осакамен ойнайды.

Жуырда өткен Бирмингем (Ұлыбритания) турниріне дейін Н.Осака әлемдік рейтингте көш бастап келген болатын. Әйтсе де ол қазақстандық теннисшіден ұтылып, кейін осы жарыста жеңімпаз атанған аустралиялық Эшли Бартиге 1-ракетка ретіндегі орнын беріп қойды.

Енді Ю.Путинцева мен Н.Осака өз спорттық жолдарында үшінші рет кездескелі отыр. Бұған дейін екі рет жеңген Юлияның жолы бола ма, әлде Наоми есе қайтара ма, оны корт көрсетеді.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 89-орында тұрған Зарина Диясқа да жеребе онша жолдас бола қойған жоқ. Ол бастапқы бәсекесін әлемнің 34-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен өткізеді. Жақында Истбурн турнирінде Ю.Путинцевамен кездескен Д.Коллинз бірінші партияда есеп 0:5 болғаннан кейін жарысты жалғастырудан бас тартып, қазақстандық теннисшіге жол берген болатын.

Уимблдон додасында есесіне ерлер арасында Михаил Кукушкин мен Александр Бубликке жеребе қарасты деуге болады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы М.Кукушкин рейтингте 77-сатыдағы испаниялық Пабло Андухармен кортқа шығады.

Рейтингте 83-орындағы А.Бублик негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған франциялық, әлемнің 117-ракеткасы Грегуар Баррермен шеберлік байқасады.

Жұптық сында Ю.Путинцева ресейлік Виталия Дьяченкомен бірге Алисия Росольска мен Астра Шармамен күш сынасады.

Тағы бір қазақстандық Галина Воскобоева румыниялық Сорана Кырстямен жұп құрып, Сара Грей мен Эден Сильвамен кездеседі.

Ерлер арасында жұптық сында М.Кукушкин мен А.Бублик Беноит Пер мен Леандер Паестің шамасын байқап көреді.

Жыл сайынғы төрт «Үлкен дулыға» турнирінің бірі - Уимблдон жарысы 1-14 шілде аралығында өтеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Уимблдонның негізгі турниріне шыға алмағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар