Юлия Путинцева алғаш рет Ұлыбританиядағы турнирде топ жарды

путинцева
Фото: instagram.com/yulia_putintseva

БИРМИНГЕМ. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Бирмингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің чемпионы атанды.

Қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингіде 190-орында тұрған аустралиялық Айла Томляновичпен бас жүлдені сарапқа салды.

Бірінші партияда Путинцева үш брейк жасады — 6:1. Екіншісінде 2:0 есебімен алға кетті. Бірақ аустралиялық спортшы қарап қалмай, есепті 5:3-ке жеткізді.

Дегенмен Юлия таразы басын теңестіріп, тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 7:6 (10:8).

Бір сағат 27 минутқа созылған матчта Путинцева 4 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Томлянович 4 эйс, 2 брейкпен шектелді.

Осылайша, Юлия Путинцева алғаш рет көгал төсенішіндегі WTA жарысында топ жарды. Бұған дейін ол 2019 жылы Нюрнберг, 2022 жылы Будапешт додасында жеңімпаз атанған еді.

Ю.Путинцева енді Бад-Хомбург WTA 500 турнирінде бақ сынайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Германиядағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған едік.  

Соңғы жаңалықтар