Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатының алғашқы айналымынан аса алмады
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық, әлемнің 64-ракеткасы Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатының алғашқы айналымынан аса алмады.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 190-орында тұрған ресейлік, 21 жастағы Анастасия Захаровамен өткізді.
Юлия Путинцева матчты сәтті бастады - 6:2.
Алайда екінші сетте бірде-бір гейм ала алмады - 0:6.
Үшінші, шешуші партияда есеп 4:3 болған мезетте А.Захарова брейк жасап кетті - 6:3.
Ресейлік теннисші екінші айналымда рейтингіде 109-сатыдағы словениялық Кая Юванмен кездеседі. Ол әлемнің 29-ракеткасы, тағы бір ресейлік Анастасия Потапованы қапы қалдырды - 6:1, 6:4.
Осылайша, Аустралия ашық чемпионатында әйелдер арасында жекелей сында Қазақстаннан Елена Рыбакина ғана қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің әлемдік рейтингіде ТОП-25-ке жақындағанын жазған болатынбыз.