Юлия Путинцева Бирмингем турнирінің финалына жолдама алды

путинцева
Фото: instagram.com/yulia_putintseva

БИРМИНГЕМ. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Бирмингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің финалына жолдама алды.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 44-ракеткасы, италиялық Элизабетта Кочареттомен бетпе-бет келді.

Бірінші партияда Путинцева 2:0 есебімен алға шыққанымен, қарсыласы да брейк жасай білді. Дегенмен Юлия қарқынды үдетіп, қос брейкпен жауап берді — 6:2.

Екінші сетте Путинцева есепті 5:1-ге жеткізіп, матчқа доп бергенімен, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Бірақ ойынды тағы бір брейкпен тәмамдады — 6:2.

Бір сағат 23 минутқа созылған бәсеке барысында Юлия 4 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың алтауын мүлт жіберген жоқ. Кочаретто 1 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.

Юлия Путинцева финалда әлемнің 36-ракеткасы, ресейлік Анастасия Потапова немесе дүниежүзілік рейтингіде 190-орында тұрған аустралиялық Айла Томляновичтің қай жеңгенімен чемпиондық атақты сарапқа салады. 

Осыған дейін қазақстандық спортшы WTA додаларында 2019 жылы — Нюрнбергте, 2021 жылы — Будапеште үздік шыққан еді. 

Қазіргі кезде Ю.Путинцева WTA Live рейтингінде 36-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Бирмингем турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар
telegram