Юлия Путинцева Брисбен турнирінің екінші айналымына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 74-ракеткасы Юлия Путинцева Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің екінші айналымына жолдама алды.

Юлия Путинцева
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында жеңіліп қалған болатын. 

Чехиялық Каролина Плишкова жарысқа қатысудан бас тартуына байланысты оның орнын негізгі турнирде Ю.Путинцева алмастырды.

Қазақстандық спортшы алғашқы айналымда әлемнің 65-ракеткасы, америкалық Хейли Баптистаны айқын басымдылықпен ұтты – 6:2, 6:4.

Бір сағат 6 минутқа созылған бәсекеде Путинцева 2 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін құр жібермеді. Баптиста 3 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.

Юлия Путинцева екінші айналымда әлемнің 26-ракеткасы, украиналық Марта Костюкпен шеберлік байқасады. 

Сондай-ақ Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакинаның қарсыласы анықталды. Доданы екінші айналымнан бастайтын Е.Рыбакина рейтингіде 76-орындағы қытайлық Чжан Шуаймен кездеседі. Ол тартысты матчта әлемнің 49-ракеткасы, америкалық Эшлин Крюгерді жолдан тайдырды – 6:4, 5:7, 6:4. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина қатысатын Брисбен турнирінің жеребесі тартылғанын жазған едік. 

Сондай-ақ Аружан Сағындықова Үндістандағы турнирде топ жарды.

Соңғы жаңалықтар