Юлия Путинцева Индиан-Уэллс турнирінде әлемнің 1-ракеткасына жол берді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 79-ракеткасы Юлия Путинцева Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA 1000 турнирінің ширек финалына шыға алмады.

Путинцева
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекке қарсы келді.

Осыған дейін екі кездесуде де Ига басым түскен еді.

Бұл жолы бірінші партияда И.Швентек айқын басымдылық көрсетті – 6:1. Ол екінші партияда да сол қарқынынан танған жоқ – 6:2.

Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында Ю.Путинцева 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Поляк қызы 1 эйс, 6 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.

Ига Швентек жартылай финалға шығу үшін әлемнің бұрынғы 1-ракеткасы, қазір 204-орында тұрған даниялық Каролина Возняцкимен таласады. К.Возняцки төртінші айналымда кезінде рейтингіде көш бастаған германиялық Анжелика Керберді жолдан тайдырды – 6:4, 6:2.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Индиан-Уэллсте әлемнің 1-ракеткасымен ойнайтынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар