Юлия Путинцева Қытайдағы ірі жарысты жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 82-ракеткасы Юлия Путинцева Ухань (Қытай) WTA 1000 турнирінің іріктеу сайысының финалына шықты.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайысының жартылай финалында әлемнің 62-ракеткасы, румыниялық Елена Габриэла Русемен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда румыниялық спортшы 2:0 есебімен алға шыққанымен, Юлия ізінше есепті теңестірді. Бұдан кейін қарсыластар тағы да брейк алмасты. Путинцева сетті брейкпен түйіндеді – 7:5.
Екінші сетте есеп 2:1 болып, Путинцева жеңіп жатқан сәтте Русе матчты жалғастырудан бас тартты.
Бір сағат 25 минутқа созылған бәсекеде Юлия 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланып үлгерді. Русе 2 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Юлия Путинцева іріктеу сайысының финалында әлемнің 73-ракеткасы, америкалық Эшлин Крюгермен ойнайды. Ол рейтингіде 91-орындағы аустралиялық Тайла Престонды тізе бүктірді – 6:3, 7:6 (10:8).
Ю.Путинцева Э.Крюгерді жеңген жағдайда 12-18 қазанда өтетін негізгі жарысқа жолдама алады.
Қазақстанның және әлемнің 1-ракеткасы Елена Рыбакина жарақатына байланысты Ухань додасына қатысудан бас тартқан болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның жұптық сында Түркиядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Александр Бублик Шанхай мастерс турнирінің үшінші айналымына өтті.