ЮНЕСКО Мысырдағы мәдени мұраға алаңдаулы
АСТАНА. 21 тамыз. ҚазАқпарат - Адамзаттың игілігі мен көзайымына айналған асыл жауһарлардың сақталуына жауапты әлемдік іргелі ұйым - ЮНЕСКО Мысырдың әл-Мина қаласындағы Ұлттық мұражайдың тоналуына әрі діни маңызы бар бірнеше монументтің жойылуына байланысты осы елдегі мәдени мұраның тағдырына алаңдаушылығын білдірді.
Muslim.kz сайтының жазуынша, ұйымның бас директоры Ирина Бокова мәдени мекемелерге жасалған шабуылды және құндылықтардың қолды болуын құптамайтынын атап өткен. «Бұл Мысыр халқының көне тарихы мен ұлттық ерекшелігінен сыр шертетін жәдігерлеріне келтірілген орны толмас залал», - деді ол ашына сөйлеп.
Сондай-ақ, ол Мысыр билігін мәдени жәдігерлерді сақтауға шақырды. Бұл үшін аталмыш ұйымның көмек қолын созатынын да жеткізді.