ЮНЕСКО-ның Штаб пәтерінде «Қыз-Жібек» эпосының 500 жылдық мерейтойы атап өтіледі

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Үстіміздегі жылғы қыркүйек айында ЮНЕСКО-ның Штаб пәтерінде «Қыз-Жібек» эпосының 500 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО-ның Атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енгізілуіне орай салтанатты жиын өтеді.

ЮНЕСКО-ның Штаб пәтерінде «Қыз-Жібек» эпосының 500 жылдық мерейтойы атап өтіледі
Бұл туралы бүгін ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссия отырысында Астана қаласының әкімі-Ұлттық комиссияның төрағасы Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. И.Тасмағамбетовтың атап көрсеткеніндей, «Қыз-Жібек» эпосының 500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО-ның Күнтізбесіне енгізу салтанатын аталмыш Ұйымның Штаб-пәтерінде атап өту үстіміздегі жылғы мамыр айына жоспарланған болатын. Алайда, аталмыш шара қаржылық қиындықтарға байланысты кейінге шегерілді. «Осы орайда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп Үкіметтің қарауына бұл атаулы іс-шараны атап өтуге қаржы бөлу мәселесін ұсынуы тиіс», - деді ол. Сондай-ақ комиссия төрағасы 2007 жылы өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы мен БҰҰ-ның Бас ассамблеясында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың 2010 жылды Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы ретінде жариялау туралы ұсынысын әлемдік қауымдастық бірауыздан қолдағанын айтып, Елбасының бұл бастамасы мәдениетаралық сұхбаттың алға басуына Қазақстанның қосқан үлесін айқындап қана қоймай, сонымен қатар, республикаға қосымша жуапкершілікті жүктейтінін жеткізді. «Сонымен бірге, 2009-2013 жылдары ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесіне Қазақстан кандидатурасының қолдау табуы республика үшін басымдықты бағыттардың бірі болып табылады. Бүгінгі күні осыған қатысты 34 елмен қолдау туралы келісімге қол жеткізілді», - деді И.Тасмағамбетов.Естеріңізге сала кетейік, қазір Қазақстан ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтері жөніндегі комитеттің, Әлеуметтік көркейтуді басқару бағдарламасы Үкіметаралық Кеңесінің (MOST), «Адам және Биосфера» Халықаралық бағдарламасы Үйлестіру кеңесінің мүшесі болып табылады.