ЮНЕСКО сарапшылары Сирияның Пальмир қаласындағы ескерткіштердің жағдайымен танысып қайтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сириядағы көне Пальмир қаласындағы ашық аспан астындағы музейдің жәдігерлеріне ДАИШ содырлары айтарлықтай зақым келтірген, деп хабарлайды халықаралық ұйым сарапшылары.
ЮНЕСКО сарапшылары жақында ДАИШ содырларынан азат етілген сириялық Пальмир қаласына бағалау жүргізді. Басқа жерге көшіру мүмкін емес қалып қойған көлемі үлкен, ауыр ескерткіштер мен саркофагтар бүлінген немесе қатты қираған. Содырлар көпшілік алдында бірқатар ескерткіштерді қиратқан. Оның қатарында Триумф аркасы және белгілі Афина арыстаны ескерткіші де бар.
Топ жетекшісі Мехтильд Ресслер: «Біз әскери аумаққа келгендей болдық. Онда сириялық және ресейлік әскерилерден басқа ешкім қалмаған. Олар аумақты минадан тазартуға көмектесуде. Жұмыс әлі де көп. Қала қирап жатыр», деді.
Минадан тазарту жұмыстары аяқталған соң мамандар көне ескерткіштерді қалпына келтірумен айналысады. Сирияның Пальмир қаласы - жасы екі мың жыл деп есептелінетін ежелгі сәулет жәдігері саналды. Ол ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген.