18:15, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
ЮНЕСКО жоғалып бара жатқан әлем тілдері атласының жаңа басылымын ұсынды
АЛМАТЫ. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат – Ақпанның 19-ында Парижде ЮНЕСКО жоғалып бара жатқан әлем тілдері атласының жаңа басылымын ұсынды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өкілдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Бұл сандық интерактивтік құралда шамамен 2500 осындай тілдер туралы соңғы мәліметтер келтірілген. Жаңа атластың таныстырылымы ақпанның 21-інде ? халықаралық ана тілі күні өткізілмек. Атластағы бірқатар мәліметтер дабыл қағарлық: соңғы үш ұрпақ өмір сүрген кезеңде әлемдегі 6000 тілдің 200-ден астамы жойылып кетті, 538-і құрудың алдында тұр, ал 502 тілге елеулі қатер төнуде. Мәселен атласта көрсетілген 199 тілде небәрі 10-ға тарта адам, 178 тілде 10-нан 50-ге дейін адам сөйлейді. Тек соңғы жылдары ғана мэни (Мэн аралы), убых (Түркия), зяк (Аляска, АҚШ) тілдері жойылды. Африка Сахарасының оңтүстігіндегі 2000-ға тарта тілдің (әлемдегі барлық тілдердің үштен бірі) 10 пайызы кейінгі 100 жылдың ішінде жоғалып кетуі мүмкін. Австралияда 108 тіл құрып кету алдында тұр. Алайда жағдай барлық жерде бірдей онша қауіпті емес. Айталық лингвистік әралуандық көптеп шоғырланған Папуада ? Жаңа Гвинеяда (онда 800-ден астам тілде сөйлейді) жоғалып кету алдында тұрған тілдердің саны салыстырмалы түрде онша көп емес (88). Кейбір тілдер қайта түлеп келеді. Айталық корн (корнуэль) немесе сиши тілі (Жаңа Каледония). Перудегі аймара және кучуа, Жаңа Зеландиядағы маори, Парагвайдағы гуарани сияқты, сондай-ақ Канадада, АҚШ-та және Мексикада көптеген жергілікті халықтардың тілдеріне қолдау көрсетілдуе. Атлас ЮНЕСКО-ның тілдерді сақтау жөніндегі бағдарламасы ауқымында Норвегияның қаржылық қолдауымен әзірленді. Таяудағы айларда атластың баспа түріндегі нұсқасы жарық көрмек.