ЮНИСЕФ Орталық Азия жастарында жиі кездесетін ауруларды атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Назарбаев университетінде «Біздің болашағымыз, біздің денсаулығымыз» атты жастардың халықаралық дайындық семинары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 40 елінен 150-ге жуық қатысушы жиналған бұл жиын 25-26 қазанда Астанада өтетін алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы жаһандық конференция аясында ұйымдастырылып отыр.
«Алдағы үш күнде жас әріптестеріммен өте өзекті мәселелерді талқылаймыз. Басты тақырып - жаһандық денсаулық сақтау жүйесінің негізі болып саналатын алғашқы медициналық-санитарлық көмектің болашағы. Ол үшін егжей-тегжейлі құрастырылған жақсы жоспар керек. Қызметке енді кіріскен жас дәрігерлер алғашқы медициналық-санитарлық көмекті өзгертуге үлес қоса алады. Сондықтан, сіздерді үш күн бойы форумға белсене қатысып, өз ұсыныстарыңызды білдіруге шақырамын», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Юрий Оксамитный семинарда айтылған жастардың ұсыныс-ескертпелері ертеңгі жаһандық форумда назарға алынатынын атап өтті.
«Шараны ұйымдастыруға көмек берген қазақстандық әріптестерге алғыс айтамыз. Шынында да, біздің денсаулығымыз біздің болашағымыз болып саналады және бүгінгі пікірталастың нақты нәтижесі болады. Яғни, ертең ашылатын жаһандық конференция денсаулық мәселелері бойынша жастардың ұсыныс-ескертпелерін қабылдауы тиіс. Ертеңгі конференцияға қатысушылар әлемнің 140 елінен жиналады және олардың арасында 60-тан астам денсаулық сақтау министрлері мен сарапшылар бар», - деді ол.
Сонымен бірге, Ю. Оксамитный денсаулық сақтау бойынша жастар арасында кездесетін өзекті мәселелерді атады.
«Әлем жастары арасында тамақтану мәселесі өзекті болып отыр. Орталық Азия елдерінде семіздік белең алуда. Семіздік жайлаған жастардың ұзақ өмір сүру мүмкіндігі де азаяды. Бала тууға қабілетті жас әйелдер арасында қаназдық деңгейі де өте жоғары. Мектеп жасындағы балалар арасында көру қабілетінің нашарлауы бар. Біз үшін жастармен жұмыс істеу өте маңызды», - деп атап өтті ЮНИСЕФ өкілі.