Юрий Ильин: ТЖМ резервінде Кеңес заманынан қалған консервілер бар деген ақпарат – жалған
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Үкімет кулуарында төтенше жағдайларға арналған мемлекеттік материалдық қордың қалай жаңартылатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік материалдық резервінде Кеңес заманының бұқтырылған еті конвсервілері бар» дегенге саятын қауесет бар. Ондай мәліметті жоққа шығара аласыз ба?», деп сұрады БАҚ өкілі Юрий Ильиннен.
«Дәрі-дәрмек қорына Төтенше жағдайлар министрлігі жауап бермейді. Біздің құрылымда мемлекеттік материалдық резерв деген бар. Оның ішіне жұмылдыру дайындығының жоспары да, азық-түлік қорын ұстау да бар. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар қоры бар. Төтенше жағдай жарияланған кезде жергілікті атқарушы органдар өтініш айтса немесе Үкімет шешім шығарса, содан қажетті мөлшерді бөлеміз», -деді министр.
Сондай-ақ, аталмыш қордағы заттардың қалай сақталатынын айтты.
«Ол заттар сақтау мерзімі бойынша жаңартылып отырады. БАҚ кейде «Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік матриалдық резервті жаппай сатып жатыр» деген жаңсақ ақпарат жазып жатады. Бұл жаппай сату емес, бұл – мемлекеттік материалдық резервті кезең-кезеңмен жаңарту.
Біздің қорда Кеңес заманының бұқтырылған етінің конвсервілері бар деген мәліметтер шындыққа жанаспайды. Мемлекет тарапынан ол қордың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына бақылау орнатылған. Төтенше жағдай жарияланып, ол қордағы материалдарға қажеттілік туындаса, жергілікті әкімдіктер белгілеген орыннан барып алады. Яғни, қазақстандықтарға ТЖМ базаларына жүгірудің қажеті болмайды», -деді Юрий Ильин.
Фото: t.me/KZgovernment