Ющенко: Украинада төтенше жағдай режимін енгізуге негіз жоқ
АСТАНА. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат - Украина Президенті Виктор Ющенко, тұмау індетіне байланысты әзірге елде төтенше жағдай режимін енгізуге негіз жоқ екенін мәлім етті,
деп хабарлайды «Азаттық» радиосы.
Украинаның «5-ші арнасының» эфирінде мәлімдеме жасаған Ющенко, елде төтенше жағдай енгізіп, барлық тұрмыс-тіршілікті шектеуді жақтамайтынын атап көрсетті.
Елдің бірқатар жоғары лауазымды өкілдері, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Раиса Богатырева да, елде төтенше жағдайдың енгізілу мүмкіндігі туралы мәлім еткен болатын. Осыған байланысты президенттік сайлауды қаңтардың 17-сінен мамыр айына ауыстыру ықтималдығы да сөз болған еді.
Қарашаның 8-індегі мәліметтер бойынша, Украинада 900 мыңнан астам адам тұмаумен ауырған, 144 кісі өлімі тіркелген.