З.Ботабаевқа қатысты істі қарау барысында заңдылықтың бұзылуына жол берілген жоқ - Б.Бекназаров

АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат - Заурбек Ботабаевқа қатысты істі қарау барысында заңдылықтың бұзылуына жол берілген жоқ.

З.Ботабаевқа қатысты істі қарау барысында заңдылықтың бұзылуына жол берілген жоқ - Б.Бекназаров

«КТК» телеарнасында өткен «Халық қызметшісі» бағдарламасында сұхбат берген еліміздің Жоғарғы сотының төрағасы Бектас Бекназаров осылай деді.

«Ботабаев ісі бойынша бастапқыдан шүбәсіз ақпараттар берілген жоқ. Мемлекет басшысы тексеруге тапсырма берді. Біз қызметтік тексеру жүргіздік», - деді Жоғарғы сот төрағасы.

Б.Бекназаровтың айтуынша, сотқа Ботабаевтың қасақана кісі өлтіру және қару сақтауға кінәлі екендігін мойындатуға жеткілікті дәлел ұсынылмаған. Сондықтан да сот оны ақтап, қамаудан босатқан. Кейінірек Ботабаевтың ісі бойынша куәгерлерге қысым көрсетілгендігі және олардың шындыққа жанаспайтын түсінік бергендігі анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, Заурбек Ботабаев 2010 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында «Шамбала» дәмханасының жанында азамат Танкайбаевқа оқ атып, оны өлтірді деп айыпталған болатын. Астана қаласында алқабилер қатысқан қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2011 жылғы 13 қыркүйектегі үкімімен Заурбек Расилханұлы Ботабаев кінәсі дәлелденбей ақталған еді.

Сонымен қатар З.Ботабаевтың 2012 жылдың жазында Алматы облысы Іле Алатауындағы жаппай кісі өлтіруге қатысы болуы мүмкін.

2013 жылдың 3 қаңтарында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жаңадан ашылған мән-жай бойынша қозғалған материалдарды тергеу өндірісіне жолдау туралы қала прокурорының өтінішін қанағаттандырды.

«Анықталғанындай, маңызды куәгерлердің бірі (Ботабаевтың ұлын емдеп жатқан дәрігер), сотталушының нақты қылмысқа қатысы жоқтығының дәлелін көрсеткен түсінігі бойынша сотта жалған мәлімдеме жасады. Куәгер Ботабаев Танкайбаевты өлтіру кезінде Қарағанды қаласында өз ұлына ота болып жатқан жерде болғанын айтты. Бірақ, Ботабаевқа қатысты ақтау үкімі шыққаннан кейін, сотталушының қылмысқа қатысы жоқ деген дәлеліне байланысты «бейтаныс кісілердің сотқа әкеліп, өзіне ғана емес сондай-ақ жанұясына зорлық-зомбылық жасайтындығын айтып, қорқытқаннан кейін өзінің түсініктемесін өзгерткенін мәлім етті», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, істе жаңа куәгер анықталды. Алматы облысы Іле Алатауындағы жаппай кісі өлтіру фактісі бойынша жүргізіліп жатқан тергеу барысында әлгі куәгер, Ботабаевтың Астана қаласының аумағында Танкайбаевты өлтірген уақыты мен жерін суреттеп берді.

Сотқа белгісіз болған, жаңадан ашылған мән-жай бойынша прокурор ақтау үкімінің күшін жою өтінішін қанағаттандыруды сұрады.

Апелляциялық алқа қаулысымен жаңадан ашылған мән-жай бойынша Ботабаевқа қатысты ақтау үкімінің өндірісін қайта бастау туралы прокурордың өтініші қанағаттандырылды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2011 жылғы 13 қыркүйектегі Ботабаевқа қатысты ақтау үкімі жойылды. Ботабаевқа қатысты қылмыстық іс жаңа сот пен алқаби құрамымен негізгі тергеу сатысына жіберілді.

Аталған қаулы наразылық білдіру мен шағымдануға жатпайды.