З.Дияс әлемдік рейтингтің көшбасшысы С.Уильямске есе жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Майами қаласында (АҚШ) теннистен өтіп жатқан ірі халықаралық турнирде қазақстандық Зарина Дияс үшінші айналымда әлемнің бірінші ракеткасы, атақты америкалық Серена Уильямспен күш сынасты.
Сhampionat.com сайтының хабарлауынша, бұл тартысты бәсекеде Серена 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Бұл - қос теннисшінің екінші кездесуі. Өткен жылы Индиан-Уэллс турнирінде С.Уильямс 6:2, 6:0 есебімен ұтқан болатын. С.Уильямс Майамиде ширек финалға шығу үшін ресейлік теннисші Светлана Кузнецовамен шеберлік байқасады.
Заринаның жүлде қоры 6,1 млн доллардан асатын Майами жарысының үшінші айналымына дейін жетіп, әлем чемпионатымен тең саналатын «үлкен дулыға» турнирін 21 рет ұтып алған атышулы теннисшімен тайталасуын жақсы табыс деуге болады. 2015 жылы қазақстандық теннисші Майами турнирінің екінші айналымынан аса алмаған еді. Қазір дүниежүзілік көште 97-інші орында тұрған Зарина Диястың биылғы турнирден кейін рейтингісі жоғарылайтыны анық.