Забайкалье өңірінде болған жол апатынан қаза тапқандар саны 14 адамға жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Забайкалье өңірінде ірі жол-көлік апатына ұшыраған автобус жүргізушісі ауруханада жан тапсырды, апаттың салдарынан қаза тапқандар саны 14-ке жетті, деп хабарлайды РИА Новости өңірлік денсаулық сақтау басқармасының өкіліне сілтеме жасап.
«13 маусым күні жергілікті уақытпен сағат 09.15-те Петровск-Забайкалье орталық аудандық ауруханасының жан сақтау бөлімінде он төртінші зардап шеккен азамат қайтыс болды», - деді агенттіктің дереккөзі.
Сондай-ақ ол, тағы бір әйелдің ауруханада екендігін және оның жан сақтау бөлімінде ауыр халде жатқандығын айтты.
Ірі жол апаты осы женсенбіде «Байкал» федералды тасжолының 702 шақырымында болды - Красный Чикой кентінен Читаға бара жатқан автобус аударылып кеткен. Көлікте қажылыққа бара жатқан 51 адам болған. Оқиға салдарынан 36 жолаушы зардап шегіп, олар түрлі деңгейдегі жарақат алған.