Зағип және көзі нашар көретін жандарды қажетті құралдармен қамтамасыз ету мәселесін шешу керек

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Көзі нашар көретін азаматтар үшін оқулықтар шығару тиісті деңгейде болмай отыр.

Зағип және көзі нашар көретін жандарды қажетті құралдармен қамтамасыз ету мәселесін шешу керек

Бұл туралы бүгін Астанада көзі нашар көретін азаматтарға техникалық және ақпараттық қолдау көрсетуге арналған семинарда «Әлеуметтік бейімдеу және кәсіби еңбекпен оңалту» орталығының бас директоры, профессор Роза Сүлейменова мәлім етті.

«Бүгінгі семинардың мақсаты зағип және көзі нашар көретін жандарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп, тиісті кеңестер жасап, қордаланған проблемаларды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерімен бірлесе талқылауға негізделген. Өйткені, көзі нашар көретін балалар мен студенттерге және осы санаттағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін журналдарды оқитын жағдай жоқ. Оларға арналған оқулықтар шығару мүмкіндіктері болмай отыр. Яғни, қажетті баспа тапшы»,-деді орталық басшысы.

Оның пайымдауынша, бүгінде озық технологияларды пайдалана отырып, зағип және көзі нашар көретін жандардың жағдайын жасаудың мүмкіндігі аз емес. Бірақ елімізде бұған тиісті деңгейде назар аударылмауда.

«Атап айтқанда, көзі нашар көретін азаматтарды тиісті деңгейде қажетті құралдармен қамтамасыз ету керек. Бұл бағытта елімізде қаржы бөлінеді, алайда бұл құралдардың тізбесі өте қысқа және дұрыс берілмейді. Осы орайда бұндай құралдарды беру жағдайының ережесі болуы тиіс. Себебі, оқып жүрген балаға тиісті бөлек құралдар, сондай-ақ зейнеттегі адамға басқа жабдықтарды саралау қажет. Бізде осының тізімі дұрыс жасалмаған»,-дейді Р. Сүлейменова.