Зағип жігіт пен сал ауруға шалдыққан бойжеткен тау шыңдарын бірге бағындырады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мүмкіндіктері шектеулі болғанына қарамастан Тревор Хан мен Мелани Кнехт саяхаттағанды жақсы көреді. Мелани өмірге келген кезде омыртқа жотасында жарықшақ болған. Әйел мүгедектер арбасына таңылған, ал Тревор бес жыл бұрын глаукома салдарынан көз жанарынан айырылды. Бірақ, бұл достардың бірге саяхаттауына еш кедергі келтірмейді, деп хабарлайды euronews.com.

Зағип жігіт пен сал ауруға шалдыққан бойжеткен тау шыңдарын бірге бағындырады

Тревор саяхаттау кезінде Меланиді арқалап алады. Олар бірге Колорадо шыңын бағындырып, Вайомингтегі Гранд-Титон ұлттық паркін аралады. Тревор мен Мелани саяхатта түскен суреттерін әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жариялап отырады.

«Біз бірге шынайы командамыз», - дейді Мелани. «Меланидің күлкісі – бәрінен артық. Осы сәтте менің өмірімде мақсат пайда болады», - деп ақ жүрегінен ақтарылады Тревор.

Қазір достар саяхаттың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы болуы үшін күресіп жатыр.

«Егер Тревор көрмей қалса, ол табиғаттың әсемдігіне сүйсіне алмайды деген сөз емес. Тревор көз жанары секілді басқа да сезімдеріміздің күшті екенін еске салып отырады. Келесі жолы көшеде кетіп бара жатқаныңызда көзіңізді жұмыңызшы», - деп кеңес берді екі дос.