Зағипа Балиева әкімнен соққы жеген баланың халін білу үшін ауруханаға барды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева Қорғалжын ауданында ауыл әкімінен соққы жеген баланың жағдайын білу үшін Астанадағы ауруханаға барды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Зағипа Балиева Астана қаласындағы №2 ауруханаға барып, Диас Мұқанның денсаулық жағдайын білді. Бұдан кейін ол БАҚ өкілдеріне аталған жағдай бойынша пікір білдірді.

«Қорғалжын ауданында болған жағдайға өкіл ретінде көңіл бөлемін. Қазіргі таңда құқық қорғау органдарына тиісті құжаттарды жібердім. Әкімнің ісі Тәртіптік кеңесте міндетті түрде қаралады. Жауапқа тартылады», - деді мәжілісмен.

Зағипа Балиеваның айтуынша, орын алған жағдайды екі аспект бойынша қарауға болады.

«Біріншіден, неге балалар төбелеседі? Екіншіден, неге балаға қол жұмсайды? Алдымен, бүкіл білім басқармасының өкілдері жиналып, мектепке осындай жағдайдың тіркелуіне не себеп болғаны анықталады. Мектепте біріншіден ата-аналармен, балалардың өзімен де жұмыс жүргізілуі керек. Өкіл ретінде балалар құқықтары туралы кітап дайындадым. Елімізде 7414 мектеп бар. Солардың бәріне таратылады», - дейді ол.

Парламент депутаты сонымен бірге балалар өздерінің құқықтарын білуге міндетті екенін атап өтті.

«Бала өзінің құқығын қорғап, басқа баланың құқығын да сақтау керек. Бұл біріншіден. Екіншіден, Диастың анасы қазір арыз жазды. Сол бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті іс-шаралар жасалды. Қорытындысын күтеміз», - деді ол.

Зағипа Балиева ауыл әкімі міндетті түрде жауапқа тартылатынын тілге тиек етті.

«ҚР ҚК-нің 107- бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Дәрігерлер өзінің қорытындысын айтады. Ол қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартылады. Өкіл ретінде өзім осы жерге талай келіп жүрмін. Диастың да жағдайын біліп отырамыз. Қажетті көмек керек болса, көрсетеміз. Балаға қол жұмсауға ешкімнің қақысы жоқ. Ата-анасы, ағалары болсын, көршілері мен мұғалімдері болсын, әкім болсын - кім болса да қақысы жоқ», - деді ол.

Еске сала кетейік, Қорғалжын ауданының тұрғыны Айгүл Бекжанова Фейсбук әлеуметтік желісіне А.Төлеубаев атындағы орта мектепте оқитын ұлы, 8-сынып оқушысы Диас Мұқанды Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Жанат Омаров соққыға жықандығы туралы жазған болатын. Онда зардап шеккен баланың анасы ұлының «мидың шайқалуы» диагнозымен Қорғалжын аудандық аурханасына, кейін Астана қаласындағы №2 ауруханасына жеткізілгенін айтқан еді.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.  Сондай-ақ бүгін Ақмола облыстық ІІД-ден хабарлағандай, іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. 

Ал Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин ауыл әкімінің бұл ісі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралатынын айтты. 


Фото: lechim-serdce.ru

 

Соңғы жаңалықтар