Загребтегі Гран-при: Қазақстан құрамасы алғашқы күні үш медаль иеленді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ дзюдошылары Загребте өтіп жатқан Гран-при турнирінің алғашқы күні бір алтын мен екі күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.
Дзюдодан Қазақстан құрамасы Хорватия астанасы Загребте өтіп жатқан Гран-при турнирінің алғашқы күні 3 медаль жеңіп алды.
Нұрқанат Серікбаев (-66 кг) финалда бразилиялық Роналд Лиманы тізе бүктіріп, алтыннан алқа тақты.
Сондай-ақ алтын жүлде үшін Аман Бақытжан (-60 кг) мен Ғалия Тынбаева (-48 кг) белдесті. Алайда шешуші сында Аман тайпейлік Янг Юнг Вэйге есе жіберсе, Тынбаева италиялық Ассунта Скуттоға жол берді.
Осылайша, қос спортшымыз күміс жүлдегер атанды.
Осыған дейін Ерасыл Қажыбаев Загребтегі Гран-при турнирінде қола жүлдеге таласатынын жазғанбыз.