Zaimer-ден жеке дерегі ұрланған 1,2 млн қазақстандықтың 8,5 мыңы ғана шағым түсірген

АСТАНА. KAZINFORM – Zaimer микроқаржы ұйымының платформасынан жеке дерегі ұрланған 1,2 млн қазақстандықтың 8,5 мыңы ғана шағым түсірген. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов осындай дерек келтірді.

дерегі
Фото: Midjourney

«Заңдағы жаза 1000 АЕК болатын. Бірақ айыпты ұйым бір аптаның ішінде айыппұл төлегендіктен жартысымен құтылды – 500 АЕК көлемінде төледі. Біз бұл оқиға бойынша жеке дерегі қолды болған 1,2 млн адамға хабар жібердік. Соның ішінде 8,5 мың азаматтан ғана шағым алдық. Яғни, бұл өз деректерінің қолды болғанына бейжай қарамаған азаматтар деген сөз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрлік өкілі аталған азаматтар сотқа бұл жайт бойынша тек моральдік шығын талап етіп қана жүгіне алатынын айтады.

«Ол азаматтарға құқықтарын түсіндірдік. Азаматтарға тікелей зардап тимегендіктен тек моральдік шығын талап ете алар еді. Ал моральдік шығын талап ету азаматтық іс болғандықтан сот органдарына әрқайсысы өз бетімен жүгіну керек. Ондай ұжымдық шағыммен жұмыс істейтін заңгерлердің бар-жоғын білмейміз. Негізі бұл заңгерлерге өте қызықты кейс. Бізде заңгер мамандығын алатын адамдардың саны өте көп. Ал шетелде белгілі бір топ қандай да бір қызметтің сапасына көңілі толмаса, заңгер көмегіне жүгінеді. Осындай маманданған заңгерлер болса, адамдар бірлесіп жалдайтын еді. Әзірге бізде ондай жоқ. Киберсақтандыру жүйесін ұсынып отырғанымыз да содан», - деді Руслан Әбдіқалықов.

Соңғы жаңалықтар