Залал 1,6 млн теңге: Қарағайларды елордаға жасырын жеткізбек болған жүргізуші ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана – Петропавл автожолында патрульдік полиция қызметкерлері рұқсатсыз 31 қарағай тасымалдаған ГАЗель автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында ағаштар Бұланды ауданының ауылдық әкімдіктерінің біріне тиесілі екені анықталды. 

Залал 1,6 млн теңге: Қарағайларды елордаға жасырын жеткізбек болған жүргізуші ұсталды
Фото: Polisia.kz

Polisia.kz мәліметінше, келтірілген залал – 1,6 миллион теңге. 

Көліктің артында 38 жастағы ер адам отырған. Алдын ала мәлімет бойынша ол жүкті елордаға жеткізуді жоспарлаған, алайда ағаштарды тасымалдаудың заңдылығын растайтын құжаттары болмады. Одан әрі мән-жайды анықтау үшін жүргізуші полиция бөліміне жеткізілді. 

Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. 

– Полиция ағаштарды заңсыз кесу және ағаш жымқыру қоршаған ортаға зиян келтіреді және заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатыны туралы еске салады. Ағашты сатып алу, тасымалдау және сату заңды негізде жүзеге асырылуы тиіс. Ағаштар мен басқа да орман ресурстарын тасымалдау алдында тиісті рұқсат құжаттарының бар екеніне көз жеткізу қажет, – делінген ақпаратта. 

Полицейлер азаматтарды табиғи байлыққа ұқыпты қарауға, ағаштарды заңсыз кесуге және ұрлауға жол бермеуге, ал мұндай фактілер болған жағдайда полицияға 102 нөмірі бойынша хабарлауға шақырды.

Бұған дейін Абай облысында заңсыз жұмыс істеген екі ағаш кесу цехының қызметі тоқтатылды.