Заманауи ғарыш саласын қалыптастыру ел қауіпсіздігі үшін де берік негіз болмақ - Т. Мұсабаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Заманауи ғарыш саласын қалыптастыру ғылыми прогресс үшін ғана емес, ел қауіпсіздігі үшін де берік негізге айналады. Бүгін «Қазақстандағы ғарыш күндері» халықаралық семинарын ашып сөз сөйлеген Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев осылай мәлімдеді.

Заманауи ғарыш саласын қалыптастыру ел қауіпсіздігі үшін де берік негіз болмақ - Т. Мұсабаев

«Қазіргі таңда Қазақстан бірқатар жоғары ғарыш технологияларына, заманауи жерүсті ғарыштық инфрақұрылымдарға ие. Сосын Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық мүддесі үшін ғарыш қызметінің нәтижелерін тиімді пайдалануды жүзеге асыра алатын мамандар да бізде баршылық. Сондықтан да, елімізде алдағы уақытта заманауи ғарыш саласын қалыптастыра түсу және осы саланы одан сайын дамыту ғылыми-техникалық прогресс қана емес, ел қауіпсіздігі үшін де берік негізге айналатындығына сенімдімін», - деді алқалы жиынды ашу барысында комитет басшысы Т. Мұсабаев.

Еске сала кетейік, халықаралық шараға қазақстандық мамандардан бөлек Франция, Германия, Ұлыбритания, Швейцария, Испания, Норвегия, Ресей, АҚШ, Үндістан, Корея, Украина, Қырғызстан мен Беларусь елінен 300-ге тарта өкілдер қатысуда.

Екі күнге ұласатын семинар аясында сарапшылар ғарыш саласы бойынша жер ресурстарын басқару, ауыл шаурашылығы және қоршаған ортаны қорғау, геоақпаратық жүйелер және Қазақстандағы Жерді қашықтықтан зондтау, табиғи ресурстар, картография, қорғаныс және қауіпсіздік бағыттары бойынша пікір алмасады.