Заманауи медициналық технологиялар трансфертін кеңейтуге мүдделіміз – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет басшысы Олжас Бектенов Түркі мемлекеттері ұйымы делегациясы басшыларымен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының денсаулық сақтауды дамыту мәселелері жөніндегі өңірлік бюросының директорымен кездесу өткізді.

Премьер-министрмен өткен жиынға Әзербайжан Республикасының министрі Теймур Мұсаевпен, Қырғыз Республикасының министрі Эркин Чечейбаевпен, Түркия Республикасының министрі Кемал Мемишоглумен, Өзбекстан Республикасының министрі Асилбек Худаяровпен, Мажарстан Республикасының Ішкі істер жөніндегі мемлекеттік хатшысының орынбасары Юдит Бидломен қатысты. Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, ДДҰ Еуропадағы өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге болды. Денсаулық сақтау министрлерінің 5-ші кездесуінің қорытындысы бойынша еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндама жасады.
Тәжірибе алмасуды және заманауи медициналық технологиялар трансферін қоса алғанда, Қазақстанның ұйыммен өзара іс-қимылын кеңейту жөніндегі жоспарлар талқыланды, Қазақстанның және басқа серіктес елдердің денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі ұсыныстары қаралды.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласындағы жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің күш-жігерін шоғырландырудың маңыздылығына назар аударылды. Премьер-министр тек үйлестірілген іс-қимылдар мен тығыз әріптестік халықтың денсаулығына төнген ауқымды қауіп-қатерлерге тиімді жауап беруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударады. Қазір біз денсаулық сақтау жүйесін белсенді түрде жаңғыртып жатырмыз, яғни инфрақұрылымды жақсарту, көпсалалы ауруханалар салу, оларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және фармацевтика өнеркәсібін нығайту бойынша ауқымды жобалар іске асып жатыр. Біздің бастамаларға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Тыныс алу органдары мен қан айналымы жүйесі ауруларының азаюы және өлім-жітімнің төмендеуі, техникалық және сарапшылық қолдауға негізделген біздің бірлескен жоспарлы жұмысымыздың нәтижесі. Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз, сондай-ақ заманауи медициналық технологиялар трансфертін кеңейтуге мүдделіміз, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жиын барысында серіктес елдердің денсаулық сақтау министрлері еліміздің медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту саласындағы жетістіктерін атап өтті. Алдағы екі жылда МСАК-ты дамыту, төтенше жағдайда медициналық көмек көрсету, туберкулезбен және өзге де аурулармен күрес, фармакологиядағы, атап айтқанда Мажарстанның тиісті мемлекеттік органдарымен кооперация, су гигиенасын дамыту және басқа да ынтымақтастықты нығайту көзделіп отыр.
Бірер күн бұрын Үкімет басшысы Олжас Бектенов авиаотын нарығын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізген еді.