Заманауи сауда форматының үлесі 4 пайыздан аспайды - Б.Сағынтаев
АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Бірінші тоқсанда бөлшек тауар айналымы 12 пайызға артты.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
«Бірінші тоқсанда бөлшек тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 12 пайызға артты, ал көтерме тауар айналымы 15,6 пайызға жоғарылап отыр», - деді министр.
Жалпы тауар айналымы көрсеткішінің өсіміне қарамастан, сауда сапасы дамуының төменгі деңгейі сақталуда. Тауар айналымының жартысы (49 пайызы) базарлардағы саудаға тиесілі болып отыр.
Сонымен қатар, заманауи сауда форматтарының үлесі 4 пайыздан аспайтын көрінеді, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70 пайызға жетіп отыр.
Айта кетейік, Ішкі жалпы өнім құрылымында ішкі сауда үлесі тұрақты деңгейде сақталуда және бұл өз кезегінде 14,5 пайызды құрады. Бүгінде сауда саласында барлығы 1 млн. 200 мыңнан астам адам қамтылған. Бұл халықтың экономикалық белсенді бөлігінің 15 пайызға жуық деңгейінде.