Заң арқылы мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушы айқындалады
АСТАНА. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заңға ұсынылған толықтыруларды талқыға салу қажет деп тауып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Заң жобасы мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орындау саласындағы құқықтық қатынастарды Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауіпсіздігінің мемлекет мұқтажын қамтамасыз етудің қазіргі заманғы міндеттеріне сәйкестендіруге бағытталған.Атап айтқанда, ұғымдардың анықтамасы нақтыланды, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың құрам, оны қалыптастыру және орналастыру процесі қайта қаралды. Үкіметтің және уәкілетті органның құзыреті, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс берушілер мен орындаушылардың қызметтері нақтыланды. Қорғаныстық тапсырыс тізбесінен ортақ пайдаланылатын тауарлар, яғни, жанар-жағар май материалдары, азық-түлік, медициналық керек-жарақтар, тұрмыстық аспаптар, кеңсе тауарлары және тағы басқалары алынып тасталды. Мұның өзі Қазақстанда осындай өнімдерді өндірушілер арасында үлкен бәсекелестік ортаның болуына негізделіп отыр. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің өзіндік ерекшелігі және Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудің стратегиялық маңыздылығы ескеріле отырып, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орналастыру үдерісінен бәсекелестік рәсімдері алып тасталды. Заң жобасында мемлекеттің отандық өндірісшілерді қолдау жөніндегі саясаты ескерілді. Мәселен, отандық өндірушілер мен уәкілетті ұйымдардың арасынан қорғаныстық тапсырысты орындаушы болмаған жағдайда ғана шетелдік заңды тұлғалардың арасынан мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушыны айқындауға болады. Салыстырмалы кестеге депутаттардың 33 түзетуі енгізілген.