Заң қабылданды: өнердің дамуына елеулі үлес қосқандарға жаңа наградалар беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң үшінші оқылымда қаралып қабылданды.
Атап айтқанда, бұл құжат Құрылтайдың бірінші шақырылымының бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы берген мәдениет және өнер саласындағы мемлекеттік наградалар туралы заңнамасын жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.
— Заң жобасының мақсаты — екі жаңа ерекшелік белгісін — «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу арқылы отандық мәдениет және өнер қайраткерлерінің еңбегін тану. 2026 жылғы 7 қазанда заң жобасы Құрылтайда бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында оның нормаларын заң техникасының талаптарына сәйкестендіру және мазмұнының сапасын жетілдіру бойынша тиісті жұмыс жүргізілді, — деді депуттат Екатерина Смолякова.
Аталған құжатты қарау аясында жұмыс тобының отырысы және Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырыстары өткізілді. Осыны еске отырып отырып, Құрылтайдың бүгінгі жалпы отырысында депутаттар заңды үшінші оқылымда қабылдады.
Айта кетейік, биыл 7 қазанда Құрылтайдың жалпы отырысында «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы І оқылымда мақұлданды.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдады.