Заң қабылдауда біз бірінші кезекте бақылауды емес, белгілі бір саланың дамуын ойлауымыз керек - Мәжіліс депутаты

АЛМАТЫ. 30 мамыр. ҚазАқпарат  -Биыл «Коммерциялық электронды сауда туралы» ҚР Заңы қабылданады.

Заң қабылдауда біз бірінші кезекте бақылауды емес, белгілі бір саланың дамуын ойлауымыз керек - Мәжіліс депутаты

Бұл жайлы Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов бүгін Алматыда өтіп жатқан i-МІХ'12 интернет конференциясында  айтты.

«Біз интернетті дамытуда кейбір қабылдаған заңдарымыздың нәтижесін әлі көре алмай жатырмыз. Соның бірі өткен жылы жарық көрген  «Электронды ақша туралы» Заң. Басынан бастап біз оған сын айттық. Себебі Ұлттық банк дайындаған аталмыш заң бірінші кезекте жеке бизнесті электронды ақша шығаруда шектеп, тек қана банктерге мүмкіншілік береді. Олар жеке бизнес жасаса біз оны бақылай алмаймыз дегенді айтты. Өкінішке орай олар бақылау жасаймыз деп оның дамуына кедергі жасады. Әлі күнге дейін біздің электрондық ақшамыз жоқ», - деді  Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі М.Әбенов.

Мұрат Абдуламитұлының айтуынша, заң қабылдауда бірінші кезекте бақылауды емес, ең алдымен белгілі бір саланың дамуын ойлауымыз керек. Бұл бұған дейін қабылданған заңдарымыздың басты кемшілігі. Сондықтан биылғы жылы қабылданатын «Коммерциялық электронды сауда» туралы заң жобасын қоғамдық ұйымдар мен  бизнес құрылымдары және мемлекеттік органдар кеңірек талқылауы  керек.  Сонда ғана сапалы дүние жасалады.