Заң компаниялары Үкімет мүддесін халықаралық аренада қорғауға қаншалықты қауқарлы

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық арбитраж соттарда мемлекеттің мүддесін қорғайтын отандық заң фирмаларының әлеуетін арттыру мықтап қолға алынбақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әділет министрлігі Мемлекеттік мүлік құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Дастан Смағұлов айтты.

заң
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Айта кетсек, жуырда Әділет министрлігі алғаш рет Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүдделерін шетелде білдіру және қорғау мәселелеріне арналған халықаралық тәжірибелік конференция өткізген.

«Конференция қорытындысы бойынша отандық заң фирмаларына деген қажеттілік арта түскеніне көз жеткіздік. Әсіресе, экология, салық салаларына білікті заңгерлердің қажеттілігі сезіліп отыр. Тәуелсіздік жылдарынан бері елімізде тәжірибелі заңгерлер тобы қалыптасты. Олардың басым бөлігі халықаралық дау-дамайларда өздерінің біліктілігін дәлелдеп, мемлекеттің мүддесін қорғай алды. Бұл ретте, Әділет министрлігі халықаралық аренада мемлекеттің мүддесін қорғайтын заңгерлерді аккредиттеу мәселесіне баса мән беріп отыр», – деді Дастан Смағұлов.

Отандық заңгерлер халықаралық арбитраж соттарда шешуші рөл атқармаса да, көптеген дау-дамайларда белсенділіктерімен көзге түскен. Көптеген кәсіпкерлер құпиялықты әрі бизнестің мәртебесін сақтау мақсатында азаматтық-құқықтық дауды төрелік арқылы шешуді жөн көреді. Бұл ретте, министрлік өкілдері отандық заңгерлердің қай іс бойынша белсенділік танытқанын ашып айтпады.

Мемлекеттік мүлік құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Ерлан Мұсабаевтың айтуынша, бұған дейін отандық заң фирмаларының қызметі шектеулі болған.

«Халықаралық аренада отандық заңгерлердің үлесі аз дей алмаспыз. Көбіне сарапшы ретінде тартылады. Ендігі жерде отандық заң фирмаларының әлеуетін арттыруға күш саламыз», – деді Е. Мұсабаев.

                                                                                                                                                                                                                                           Оралхан Қожанов