Заң консультаттарын жаңа міндеттер күтіп тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда заң консультанттарының кәсіби палаталарға мүшелігін міндетті ету ұсынылды. Бұл туралы Мәжілісте «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасын таныстыру барысында ҚР Әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасымен тиісті шаралар қарастырылып отыр. Баршасына мәлім, бүгінде сотта азаматтың мүддесін жоғары заңгерлік білімі бар кез келген адам қорғай алады. Сонымен қатар осындай көмек сапасыз түрде ұсынылатын жағдайлар орын алып жатады. Осының нәтижесінде азаматтар өзінің құқығын қорғай алмаумен қатар, шығындарға тап болады», - деп тоқталды Ешмағамбетов.
Сондықтан да сотта клиенттердің мүддесін қорғайтын адамдар үшін заң консультанттары палаталарының құрамында болуы міндеті қарастырылып отыр. Олардың міндетті мүшелігі заңгерлік көмек сапасы стандарттарын бекітуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар халыққа көрсетілетін заң көмегі сапасын бақылауға, қызметіне дұрыс қарамайтын заңгерлерді жауапқа тартуға жол ашылмақ.
«Заң көмегінің басқа да түрлерін көрсететін жеке тұлғалар заң консультанттары палатасына ерікті негізде қосыла алады», - деп түсіндірді министрдің орынбасары.
Заңгерлік көмек саласында «монополияға» жол бермеу мен бәсекелестікті дамыту үшін жағдай жасау мақсатында заң консультанттары палаталарын көптеп ашу ұсынылуда. Атап айтқанда, әрбір палата адамдарды тарту мен көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру тұрғысында жақсы жағдай жасауға талпынады деп күтілуде.