Заң күшінен айырылған жерде жауыздық басталады -Жасұлан Мәуленұлы
НҰР- СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуроры Берік Асылов қаңтар оқиғасында адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық қару ұрлау бойынша 3 770 қылмыстық іс қозғалғанын, барлығы 230 адам қаза тапқанын, оның ішінде 19 әскери және күш құрылымдары қызметкері бар екенін мәлімдеді. Тергеліп жатқандардың бәрін «сүттен ақ, судан таза» етіп көрсетудің қажеттігі жоқтығын бұған дейін де жаздық, деген пікірін білдірді Qazaq газетін бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы facebook парақшасында.
«Өйткені, заң өз күшінен айырылған жерде жауыздық басталады.
Сонда заң бұзылып, жаппай тәртіпсіздіктер жүріп жатқанда да қарап отыруымыз керек пе?! Платон: «Мен заңында қауқар күші жоқ және ол біреудің билігінде болатын мемлекетті таяуда күйрейді деп ойлаймын», – депті. Бұдан артық не айтуға болады?!
Рас, ақиқат айтыстан туады. Мысыр елінің белгілі ғалымы Әбу Хуейни: «Шеру – ешқандай шешімге әсер етпейтін шара», – депті. Жоқты іздеуге, аттандап сөйлеуге әуестігіміз басым. Бірақ, эмоция – ешуақытта тиімді шешім қабылдаудың одақтасы бола алмаған. Ал, азаматтық қоғам қалыптастыру мәселелеріне байланысты белгілі бір ұстаным керек. Оның негізгі міндеті – саяси диалог пен медиация алаңы болуы тиіс. Өйткені, құр аттандаудан мәселе шешілмейді», дейді журналист.