Заң мақұлданды: Қазақстан-Өзбекстан шекарасы режимін реттеудің бірыңғай тетігі бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.
Келісімге 2024 жылғы 8 тамызда Астана қаласында Өзбекстан Республикасы Президентінің мемлекетімізге ресми сапары аясында екі мемлекеттің сыртқы істер министрлері қол қойды.
- Құжат Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары арасындағы 2001 жылғы 16 қарашадағы мемлекеттік шекара туралы шарттың ережелерін іске асыру аясында 2022 жылғы 22 желтоқсанда Қазақстан - Өзбекстан мемлекеттік шекарасын демаркациялау процесі аяқталып, демаркация туралы шартқа қол қойылғаннан кейін әзірленді. Сонымен бірге, жергілікті жерлерде мемлекеттік шекара сызығын нақты белгілеу аяқталып, екі мемлекет арасындағы шекарадағы қатынастарды реттеудің қажетті халықаралық-құқықтық негізі қалыптасты. Атап айтсақ, мемлекеттік шекара режимі - мемлекеттік шекараны және шекара белгілерін күтіп-ұстау, адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді әрі өзге де мүлікті шекара арқылы өткізу, шекаралық белдеулер мен суларда шаруашылық жұмыстарды жүргізу тәртібін, шекаралық оқиғаларды реттеу тетіктерін қамтитын құқықтық және ұйымдастырушылық шаралар кешені, - деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.
Атап айтқанда, шекара маңындағы өзара іс-қимылдың жекелеген мәселелері ұлттық заңнамамен және бірқатар екіжақты келісіммен реттеліп келді. Ұсынылып отырған Келісім Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы режимін реттеудің бірыңғай кешенді халықаралық-құқықтық тетігін қалыптастырады.
- Осыдай Келісім Қазақстан - Қытай Халық Республикасымен, Қырғыз елімен, Түрікменстан мемлекетімен жасалған. Қазақстан - Ресей мемлекеттік шекарасын демаркациялау толық аяқталғаннан кейін, Ресей Федерациясымен ұқсас келісім жасау жұмыстары жүргізілетін болады. Ал, Өзбекстан Республикасы ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтап, Келісімді 2025 жылғы 26 қаңтарда ратификациялады. Келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға алып келмейді, республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша шығынды талап етпейді, - деді депутат.
Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жоспарына қол қойғанын жазған едік.