Заң мен тәртіп: Әділ қоғамның негізі – қаржылық қауіпсіздік және құқықтық мәдениет

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM - Ұлытау облысының шалғай өңірінде орналасқан Қаражал қаласында құқықтық мәдениетті арттыруға және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған кең ауқымды ақпараттық-ағартушылық форум өтті.

Әділ қоғамның негізі – қаржылық қауіпсіздік және құқықтық мәдениет
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Іс-шараны Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті, Полиция департаменті, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті және «Ұлытау жастары» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды. Форум жұмысына БАҚ өкілдері мен «Ұлытау» телеарнасы қатысты.

Әділ қоғамның негізі – қаржылық қауіпсіздік және құқықтық мәдениет
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Шара аясында қала тұрғындары мен жастар арасында заманауи қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша кешенді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Басты тақырыптар:

- қаржылық қауіпсіздік: Дропперлік схемаларға тартылудан сақтану және цифрлық гигиена ережелері;

- цифрлық гигиена, киберқауіпсіздік: Дипфейк (deepfake) технологиялары арқылы жасалатын алаяқтықтың қаупі;

- нашақорлыққа қарсы күрес: Есірткі қылмысының алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау.

Әділ қоғамның негізі – қаржылық қауіпсіздік және құқықтық мәдениет
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Қатысушылар үшін теориялық білімді бекіту мақсатында интерактивті лекциялар мен сұрақ-жауап форматындағы викториналар ұйымдастырылып, нақты кейстер талданды.

Форумның практикалық бөлімінде күштік құрылымдардың жұмысы таныстырылды:

кинологиялық қызмет: Қызметтік иттердің есірткі заттары мен тыйым салынған бұйымдарды іздеудегі мүмкіндіктері көрсетілді.

арнайы мақсаттағы жасақ: Тактикалық дайындық элементтері мен құқық бұзушылықтардың жолын кесу әдіс-тәсілдерін паш етті.

Маңыздылығы

Мамандардың пікірінше, мұндай кешенді шаралар жастардың бойында алаяқтық, соның ішінде интернет-аляақтық, киберқылмыс пен есірткі қылмысына қарсы «иммунитет» қалыптастыруға көмектеседі. Бұл – Ұлытау облысының елді мекендерінде өтіп жатқан профилактикалық кездесулер сериясының жалғасы. Бұған дейін ұқсас шара Жәйрем кентінде өткен болатын.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, тіпті шалғай аймақтардағы тұрғындармен тікелей диалог орнату – қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтырудың ең тиімді жолы.