«Заң мен Тәртіп» ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуға тиіс – Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Өркениетті қоғамда дөрекі сөйлеуге, біреудің ар-ожданына нұқсан келтіруге, өзгелерді кемсітуге жол берілмейді және ондай әрекет заң бойынша жазаланады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заң мен тәртіп үстемдігін арттыруды тапсырды.
– Біз әділетті қоғам боламыз десек, әр іске жауапкершілікпен қарап, бір-бірімізге жанашыр болуымыз қажет. «Таза Қазақстан» идеясына сай табиғатқа қамқор көзбен қарап, болмысымызды, ниетімізді және тілімізді таза ұстау маңызды, – деді Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында.
Президенттің айтуынша, өркениетті қоғамда дөрекі сөйлеуге, біреудің ар-ожданына нұқсан келтіруге, өзгелерді кемсітуге, қоқысты көшеге немесе қоғамдық жерлерге лақтыруға, кез келген жерге түкіруге, қоғамдық дүниені бұзып, сындыруға жол берілмейді және ондай әрекет заң бойынша жазаланады.
– Бұл – барлық құқық қорғау мекемелеріне қатысты жеке және өте маңызды тапсырмам. Отанымызды жаңа өркениетті деңгейге көтеруіміз керек. Осы өзекті жұмыста қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, күшейту, дәріптеу тарихи міндет я миссия десек, артық болмас. «Заң мен Тәртіп» ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуға тиіс. Өйткені заң мен тәртіп үстемдігі – мемлекеттілігімізді нығайтудың, Егемендігімізді қорғаудың бірден-бір шарты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өкінішке қарай, кейбір теріс пиғылды адамдар «Заң мен тәртіп» қағидатын бұрмалап, оны қысым жасаудың құралы ретінде көрсеткісі келеді.
– Ашығын айтсақ, бұл – арамдық. Мұндай келеңсіз әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Халқымызда «Әдеп басы – тіл» деген аталы сөз бар. Сондықтан осы мемлекеттік маңызы бар жұмысқа «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері, жалпы, тілімізді үнемі қолдайтын азаматтар белсене атсалысуы керек, – деді Президент.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі.
Бұған дейін Президент Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұндай ауқымды жоба болмағанын, отандық кәсіпкерлерге мол мүмкіндіктер берілетінін айтқан еді.