Заң талаптарына сәйкес діни бірлестіктерді тіркеу және қайта тіркеуді дұрыс әрі уақтылы жүргізу қажет - Қ.Лама Шариф
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Заң талаптарына сәйкес діни бірлестіктерді тіркеу және қайта тіркеуді дұрыс әрі уақтылы жүргізу қажет.
Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысында еліміздің Дін істер агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф айтты.
«Бұл жерде агенттік пен Әділет министрлігінің бөлімшелері арасында тығыз, үйлестірілген байланыс орнату керек. Олардың жұмыстары мамандардың күнделікті байланыста болуы деңгейінде жүргізілуі тиіс», - деді ол.
Агенттік төрағасының айтуынша, бұл бағыттағы басты жұмыстар аймақтарда жүргізілетін болады. Өйткені көптеген діни бірлестіктер жергілікті діни бірлестік мәртебесін алуға немесе филиал түрінде қайта тіркеуден өтуге мүдделі. Сондықтан да олардың мемлекеттік тіркелуі Әділет министрлігінің аумақтық органдары мен агенттік департаментерінің бірлесе жұмыс істеуі негізінде жүргізіледі.
«Республикалық және аумақтық деңгейде қайта тіркеуден мұндай мәртебе алуға мүмкіндіктері бар діни бірлестіктер ғана өте алады. Қажет болған жағдайда біз оларға түсіндірме бере аламыз», - деді Қ.Лама Шариф.