«Заң және тәртіп» қағидаты жалпыұлттық құндылықтар қатарына енді - Ерлан Қарин
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты қоғам арасында терең орныққан құндылықтардың иерархиясына арналған әлеуметтік зерттеу жүргізді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді.

- Сауалнама нәтижесіне сәйкес «Заң және Тәртіп» қағидаты азаматтарымыз үшін аса маңызды саналатын жалпыұлттық құндылықтар қатарына енді («Әділдік» – 84,1%, «Заң және Тәртіп» – 83,5%, «Еңбек» – 83,4%).
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде «Заң және Тәртіп» қағидатын одан әрі орнықтыру және құқықбұзушылықтың кез келген түріне «мүлдем төзбеушілік» ұстанымын қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударғаны тегін емес, - деп жазды Ерлан Қарин.
Айта кету керек, заң үстемдігінің қамтамасыз етілуі және оны бұзғаны үшін жазаның бұлтартпастығы – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі. Сондықтан әлемнің көптеген елінде тәртіп пен тұрақтылықты нығайтуға деген қоғамдық сұраныстың өзектілігі артып келеді.
Бұған дейін Ерлан Қарин ҚСЗИ Ғылыми кеңесінің отырысына қатысқан болатын.